Биыл  ақпан айында  қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың (1931–1976) туғанына 90 жыл толып отыр. Атаулы күнге орай  «Шарапат» ӘҚКО-да Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай, қызмет алушылардың қатысуымен «Есіңе мені алғайсың» атты әдеби сағат өтті.

Аталған іс-шаралардың басты мақсаты – Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығымен танысу. Ақын поэзиясының халыққа кең таралуының мәні және оның өміршеңдігінің сыры неде екенін таныту, өлеңдерін мәнерлеп оқып оқырман назарына ұсыну. Ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған бұл шараларда ақынның жан дүниесіндегі толқыныстар көрініс табады. М. Мақатаевтың поэзиясы оқылып, өлеңдеріне жазылған әндер шырқалатын қойылымдар ақын өмірінің кейбір сәттерін бейнелей отырып, көрерменді қуантады.

Мұқағали — өзіне дейінгі өлең өру мен жыр сомдаудағы қазақ халқының ұлттық мектептері мен дәстүрлерін жалғап қана қоймай, оны жан-жақты дамытқан, тереңдеткен, қазақтың өлең-сөзін жаңа заңғарларға көтерген, жаңа кеңістіктерге алып шыққан жиырмасыншы ғасырдың санаулы саңлақтарының бірі, ақынның өз сөзімен айтқанда:

«...Ақынмын деп қалай мен айта аламын,
Халқымның өз айтқанын қайталадым.
Күпі киген қазақтың қара өлеңін,
Шекпен жауып өзіне қайтарамын, —
деген ерен жырдың жаратушысы, Ұлы тұлға, Ұлы ақын.
Поэзия!
Менімен егіз бе едің
Сен мені сезесің бе, неге іздедім?
Алауыртқан таңдардан сені іздедім,
Қарауытқан таулардан сені іздедім.
Сені іздедім кездескен адамдардан,
Бұлақтардан, бақтардан, алаңдардан.
Шырақтардан, оттардан, жалаулардан
Сені іздедім жоғалған замандардан...
... Сені іздедім.
Ӏздеймін тағат бар ма?
Сені маған егіз ғып жаратқан ба?»

Осы өлең жолдарын оқыған кезде алып жырдың жаратылысын, жаңа қыры мен сипатын танығандай күй кешесіз... Ақын өзінің қысқа ғұмырында өзіне-өзі сенген. Ары таза, жаны мөлдір, жүрегі отты, рухы асқақ жырлары мен көркем дастандары сол сенімінің жемісі. Ақын жаңа ғасыр қақпасын ентікпей, еркін ашып, жаңа мыңжылдық айдынына шығып отыр.

Қызмет алушылар көптеген ақынның өлең жолдарын оқып, «Есіңе мені алғайсың», «Сені ойлап» деген әндерін домбырамен шырқады.Ақынның кейбір өлеңдерін орыс тілінде мәнерлеп оқыды.

Әдеби сағатымыздың корытындысын қызмет алушы Жолдиев Марат ақынның сөзіне жазылған «Сенің көзің» әнін шырқады.