Қазан айының екінші жексенбісінде елімізде мүгедектерді қорғау мен құрмет көрсету күні аталып өтеді. Бұл күн еліміздегі мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтік мәселелерін шешу мен оларға құрмет, ізет көрсетуге бағытталған.
«Шарапат» орталығы да жыл сайын бұл күнді ұмытылмастай етіп өткізуге тырысады. Аталмыш күнге орай, орталықта «Мейірімділік – жылы жүректен» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Мерекенің шымылдығын орталық қызмет алушыларынан құрылған «Достар» ансамблі ашты.Нұр-Сұлтан қаласы жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасының бастығы Нұрғожина Сауле Ордабайқызы құттықтау сөз сөйледі. Орталық директоры Рысты Жағапарқызы мәдени, спорттық іс-шараларда белсенділік танытып жүрген қызмет алушыларды Алғыс хатпен марапаттады. Мерекелік кешке құттықтауға келген «Искра» би тобы, балалар оркестрі, Қуандықов Нұрғалым, студенттер, сондай-ақ әлеуметтік қызметкерлер мен қызмет алушылар өнер көрсетті.