Алғыс айту күні – бұл, ең алдымен елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Президенттің бейбітшілік пен келісім саясатының салтанаты күні. Бұл – тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзымның белгісі.
Елбасымыз «Алғыс айту күні» туралы: «Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді», – деген болатын.
Аталмыш мерекеге орай, «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында Нұр-Сұлтан қаласының «Достық Үйі» ұжымы концерттік бағдарламасымен келіп, қызмет алушыларымызды құттықтады. Белорусь мәдени орталығы, Немістер қауымдастығы, Орыс және Казак әндері бірлестігі, сондай-ақ, армян, кәріс, шешен, украин, татар, башқұрт ұлтының өкілдері өнерлерін көрсетті. Кеш соңында "Достық Үйінің" атынан үздік қызметкерлерге Алғыс хат табыстады.